Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әдеп және адалдық: көлік полицейінің бір күні

Көктем – жылулық пен жаңарудың, сондай-ақ ең маңызды мерекелердің бірі – Халықаралық әйелдер күнінің келуімен ерекшеленеді. Бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде өз еңбегімен өмірді жақсартатын, қауіпсіз әрі әділ ететін қайсар, мақсатқа ұмтылған, әрі шабыт беретін әйелдер құрметке ие болады. Осы орайда Polisia.kz сайты Көліктегі полиция департаментінде қызмет атқаратын Әсел Атығаева туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынады. 

Полиция қызметі – үлкен жауапкершілік пен асқан табандылықты талап ететін күрделі мамандық. Қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әділдікті сақтау – бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін міндет. Бірақ осы жолды таңдаған жандар өз ісін әрдайым мақтаныш етеді.

Полиция майоры Әсел Атығаева – Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі. Ол ішкі істер органдарында еңбек еткен 20 жыл ішінде әкімшілік полиция инспекторынан тәжірибелі жедел қызметкерге дейінгі жолдан өтті. Өзінің батылдығы, табандылығы мен кәсібилігінің арқасында ол құқық қорғау органдарындағы үздік мамандардың біріне айналды.

2005 жылы қызметке алғаш келгенде, сыртқы қызметте жалғыз әйел болғанымен, Әсел ешқашан өзіне жеңілдік іздеген емес. Қайта, алғашқы күндерінен-ақ жүктелген міндеттерді зор жауапкершілікпен атқарды. Қылмыстарды ашу, күдіктілерді ұстау, тінту жүргізу, түнгі рейдтер мен жасырын операциялар – осының бәрі оның күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналды. Өз ісіне деген адалдығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында 2017 жылы криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі қызметіне тағайындалды. Әріптестері оны өз ісінің нағыз шебері деп бағаласа, жас қызметкерлер үшін ол – білікті тәлімгер әрі үлгі тұтар тұлға.

Әсел үшін бұл қыр-сыры мол мамандықты таңдау – жүрек қалауымен жасалған саналы шешім. Оның өмірлік жолына ықпал еткен басты тұлға – Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция майоры болған атасы Айтбай Атығаев. Атасы сүйікті немересіне патриот болуды, Отанды сүюді, әділ әрі адал азамат болуды үйретті. Дәл осы атасына деген құрмет пен оның бейнесі Әселдің заңдылық пен тәртіпті сақтауға арналған жолды таңдауына себепкер болдыБүгінде Әсел – қызметінде табысқа жеткен кәсіби маман ғана емес, сүйікті жар, ардақты ана. Жолдасы Валихан екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Ұлы Таир – Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті, киокушинкай каратэден спорт шеберлігіне кандидат, Еуропа мен Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Қызы Алсу – 5-сынып оқушысы, би мен музыкаға ерекше қызығушылық танытып, түрлі байқауларда бас жүлде иегері атанып жүр.

Қызмет барысында Әсел Атығаева көптеген марапаттарға ие болды. 2010 жылы ол ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі үлесі үшін "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды.

Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында біз де Әселді және оның әріптестерін шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге абырой, шаңырақтарыңызға шаттық тілейміз, ардақты арулар!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру