"Аға, барма, жанып кетесің!"- 5 баланы өрттен аман алып қалған полицейдің оқиғасы
Түнгі тыныштықты от шарпыған үйдің шоғы бұзды. Қарапайым кешкі демалыс — адам өмірін құтқаруға ұласқан ерлікке айналды. Жезқазған қаласында полиция қызметкері Нұржан Дүйсенбектің батыл әрекетінің арқасында 5 бала мен олардың анасы өлім аузынан аман қалды. Жеті жыл өтсе де, бұл оқиға ұмыт болған жоқ. Ол оқиға туралы Polisia.kz сайты әңгімелеп береді.
Жеті жыл бұрын, түн ортасы ауған шақта, Жезқазған қаласы полиция басқармасының қызметкері Нұржан Дүйсенбек күнделікті қызметінен соң үйіне оралады. Түнгі уақытта әдеттегідей тыныш ұйқыда жатқан қаланы тамашалап қарап тұрған Нұржан өз үйінің терезесінен оғаш бір жарықты байқайды.
Жолдың арғы бетіндегі үйдің жанынан алаулаған оттың шоғын көріп, жүрегін үрей билейді. Ол інісі екеуі дереу сол бағытқа қарай жүгіреді. Жақындаған кезде, гаражға жалғасқан үйдің жанында тұрған көліктің лаулап жанып жатқанын, одан әрі өрттің үйге қарай шарпығанын көреді.
Уақыт жоғалтпай, Нұржан өртенген үйдің терезесін қағып, іштегілерге белгі береді. Есікті ашқанда ол алдымен бес бірдей баланы көрген. Үйдің ішін қою қара түтін басқан, шатырынан жалын атойлап тұр. Ең кішкентайы бесікте жатқан сәбимен қоса, әйел бес баласымен бірге үй ішінде қалып қойған екен.
Нұржан інісі екеуі өмір мен өлім арпалысқан сол сәтте еш ойланбастан, барлық балаларды бірінен соң бірін далаға алып шығады. Қара түтінге тұншығып, оттың ыстығынан демі тарылса да, полиция қызметкерінің міндеті мен адамдық парызы оны алға жетелейді. Нұржан тағы да үйге кірмек болғанда, інісі оның қолынан тартып: "Аға, барма, жанып кетесің!" – деп тоқтатпақ болады. Алайда, Нұржан ажалмен арпалысқан сәбилерді құтқару үшін өзінің өмірін де қатерге тігуге дайын еді.
Тәртіп сақшысы Нұржанның батылдығы мен адамгершілігінің арқасында бес бала мен анасы аман қалды. Жеті жыл өтсе де, бұл ерлік ұмытылған жоқ.
Бүл күнде Астанаға қоныс аударған бес баланың анасы Қуанышгүл Абжанова Нұржанға телефон арқылы хабарласып, сол күнді еске алып, шексіз алғысын білдірді.
Бұл оқиға бізге адам өмірінің құндылығын және полиция қызметкерлерінің күнделікті қатерлі жұмысының маңыздылығын еске салады.