Аға тергеуші Динара Төлепбергенова: «Мамандығымды жақсы көремін, қиындығын сезбей қаламын»
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы қос иығына погон тағып, ерлермен қатар елі мен жерінің тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген арулар жайлы ақпарат ұсынбақ.
Павлодар облысы Тереңкөл ауданының полиция бөлімінде шен тағып, ерлермен қатар қызмет атқарып жүрген нәзік жанды арулардың бірі – Динара Төлепбергенова. Динара қызметтік міндетін атқару барысында антына адалдық танытып, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға үлкен үлес қосып келеді.
Көрікті де, келбетті қыз аудандық полиция бөлімінде аға тергеуші болып қызмет атқаруда. Тәжірбиесі мол, жауапкершілігі жоғары, әр ісін тыңғылықты, аса қырағылықпен орындайды.
– Полиция қызметкері болудың өзіндік қиындығы бар. Күн-түн демей жұмыс істеу керек. Уақыт талғамайды. Көп іздену мен төзімділікті талап етеді. Күнделікті өмірде небір адамдармен, оқиғалармен кезігеміз. Барлығына шыдаймыз. Себебі мамандығымды жақсы көремін. Сондықтан да қызметімнің сансыз қиындығын сезбей де қаламын, – дейді аға тергеуші Динара.
Бүгінде полиция майоры Динара Төлепбергенова жұбайы Ренат екеуі Фарид, Рашид, Тимур есімді үш баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
– Жұбайым Ренат та шенділердің қатарынан болғандықтан, қызметіме түсіністікпен қарап, әрдайым қолдау көрсетеді. Жалпы ішкі істер органдарында қызмет ететін барша нәзік жандыларды көктем мерекесімен құттықтай отырып, еңбектеріне жеміс тілеймін. Әркез қолдау көрсетіп қамқор болатын жақындары жандарынан табылуын тілеймін, – деп майор Төлепбергенова сөзін жылы лебізбен аяқтады.