Агрессорлармен жұмыс: Астанада психокоррекциялық шараларды енгізу мәселесі талқыланды
Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқық бұзушылармен жұмысты жетілдіру мақсатында агрессорларға міндетті психокоррекциялық бағдарламаларды енгізу қажеттілігі бойынша кеңейтілген жұмыс отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынды ашқан Астана қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Данияров кездесуге келген әріптестерге алғыс білдіре отырып, күн тәртібіндегі негізгі мәселені атап өтті.
– Бүгінгі отырыстың басты тақырыбы – Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 54-бабы 2-бөлігінің 2-1-тармағы және Қылмыстық кодекстің 98-3-бабына сәйкес, тұрмыстық құқық бұзушыларға психологиялық көмек көрсету шараларын қолдану тәжірибесін талқылау, – деді ол.
Бүгінде отбасындағы жанжалдарға байланысты полицияға түсетін қоңыраулар саны артқан. Бұл тұрмыстық агрессорларға қатысты заңнамалық нормаларды кеңінен түсіндіру мен ақпараттық жұмысты жүйелеудің өзектілігін көрсетеді.
Жиын барысында Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың төрағасы, Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың төрағасы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының және Астана қалалық психикалық денсаулық орталығының өкілдері баяндама жасап, салааралық ынтымақтастық пен үйлестірудің маңыздылығына тоқталды.
Қатысушылар ортақ пікірге келді: агрессорларды тек әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартумен шектелмей, мінез-құлқына ықпал ететін міндетті психокоррекциялық шаралар қолдану қажет. Бұл бағытта кәсіби психологтар мен психотерапевттердің араласуы – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмаудың негізгі жолы.
Отырыс қорытындысында құқық бұзушыларға психокоррекциялық шараларды қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу, соттарға жолданатын өтінішхаттардың үлгі нысанын дайындау және осы бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу ұсынылды.
– Агрессорды түзету арқылы ғана отбасындағы тыныштық пен өзара сыйластықты қалпына келтіруге болады. Сондықтан бұл маңызды мәселені барлығымыз бірлесе шешуге тиіспіз, – деп түйіндеді жиынды ұйымдастырушылар.