Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Айбын” орденінің иегері шымкенттік полицей Нұржан Омаров

Шымкент полицейлері “Айбын” орденінің иегері Нұржан Омаровтың ерлігі туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Нұржан Омаров Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы, ІІ-дәрежелі “Айбын” ордерімен марапатталған.

Еске салсақ, Нұржанның көзсіз батырлық оқиғасы 2018 жылдың 17 қазанында тапа-тал түсте қала орталығындағы автотұрақта орын алған болатын.

Ішкі істер департаментінің тапсырмасымен кетіп бара жатқан қос полицей автокөліктерді тіміскілеп жүрген екеуді байқап қалады. Тәртіп сақшылары күдіктілерге жақындап, құжат сұрағанда әлгі екеудің тарапынан қарсылыққа тап болады. Екі күдікті тәртіп сақшылары құжаттарын көрсеткенін де көзге ілмеген. Өздерін таныстырудан бас тартып, көлікке жүр дегенде екеуі екі жаққа қаша жөнелген. Екінші күдіктіні қуып кеткен Нұржан Омаровтың әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қашып бара жатқан жігітті қуып жеткенімен қоймай, бірнеше жерінен пышақ сұғып жатса да қашқынды тырп еткізбей ұстаған. Осыдан кейін көп қан жоғалтып, бір жарым сағат отадан өткен тәртіп сақшысы есін жияды. Дәл осы ерлік еңбегі үшін учаскелік полиция инспекторына ІІ-дәрежелі “Айбын” ордені табысталған болатын.

Қазіргі таңда Нұржан Омаров Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны болып қызмет атқарады. Сондай-ақ асыл жары Гүлжан Аширбекова екеуі төрт перзент тәрбиелеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру