Айдар Сайтбеков ІІО ардагері Шолпанбай Жүнісбековті 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтады
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Ішкі істер органдарының құрметті ардагері, 90 жасқа толған Шолпанбай Жүнісбековті мерейтойымен салтанатты түрде құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шолпанбай Әшірбекұлы – адалдықтың, кәсібиліктің және шынайы адамгершіліктің айқын үлгісі болған тұлға. 1935 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында дүниеге келіп, қарапайым орман шаруашылығынан бастап, Алматы облысы Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары лауазымына дейінгі ерекше еңбек жолынан өтті.
Жастайынан-ақ еңбекке жақын болған ол анасына орман шаруашылығында көмектесіп, туған жерінің игілігі үшін тер төкті. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған соң, Шолпанбай Әшірбекұлы өз қызметін табиғатты қорғауға, орман өрттерімен күресуге және орман қорын дамытуға арнады.
Қала маңындағы орман шаруашылығының (қазіргі Іле-Алатау ұлттық паркі) директоры болып жұмыс істеген жылдары ол Шымбұлақ шатқалындағы биік таулы аймақтарды зерттеуге бастамашы болды. Бұл зерттеу Алматы қаласына қауіп төндіруі мүмкін сел ағындарының алдын алу үшін жарылыс жұмыстарын жүргізіп, бөгет салуға жол ашты.
1968 жылдан бастап Шолпанбай Әшірбекұлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесінде табысты еңбек етті. Басшылық қызметтерді абыроймен атқара отырып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен Алматыда Ішкі істер органдары қызметкерлеріне арнап көппәтерлі үй салынды, сондай-ақ ұжымдық бау-бақша өсіруге жер телімдері бөлінді.
Зейнетке шыққан соң да, Шолпанбай Әшірбекұлы Ішкі істер министрлігінің ардагерлеріне көмек көрсетуді тоқтатпады. Ол саяжайларды ұйымдастыру, тұрғын үй құрылысы және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу ісіне белсенді қатысты.
Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Шолпанбай Жүнісбеков «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Оның орман шаруашылығы мен Ішкі істер органдарын дамытудағы еңбегі республика деңгейінде жоғары бағаланды.
– Шолпанбай Әшірбекұлы – еңбекқорлық пен қоғамға қызмет етудің дәстүрін жалғастырған лайықты отбасының тірегі. Оның өмір жолы – жаңа ұрпақ үшін сарқылмас шабыт көзі. Өз ісіңе адалдық арқылы айналаңдағы әлемді жақсартуға болатынының дәлелі, – деп атап өтті Айдар Сайтбеков.
Шолпанбай Жүнісбековтің өмірі – адал еңбек пен асқан жауапкершіліктің, ел игілігі жолындағы адал қызметтің жарқын үлгісі.