Әйел екі дүкеннен керегін «тегін» алып кеткен
Түркістан облысының полицейлері дүкендерде ұрлық жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жеке кәсіпкер, жергілікті екі тұрғын
арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, олардың дүкендерінен азық-түлік пен киім-кешектерін белгісіз әйел ұрлап кеткен. Төлебилік полицейлер осы ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада келіп, қажетті шараларды жүзеге асырды. Камераларды мұқият тексеріп шығып, көрген-білгендерден жауап алды.
Полицейлер жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, жарты сағат ішінде күдікті әйел ұсталды. Тексеру барысында күдікті жас әйел жергілікті тұрғын, төрт баланың анасы болып шықты.
Тергеу анықтағандай, күдікті бірінші киім дүкеніне кіріп, сатушының қолы босамай жатқанын пайдаланып, ұрлық жасаған. Содан кейін таксиге отырып, 600 метр арыда орналасқан азық-түлік дүкеніне келіп, адам көптігін пайдаланып, керек-жарағын алып, кассаға ақша төлеместен, жай ғана шығып кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 100 000
теңгеден астам.
Қазіргі таңда аталған жайттарға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұрланған заттар табылып, айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, заңды иелеріне қайтарылды.
Түркістан облысының полицейлері түрлі ұрлықтардың алдын алу мақсатында сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Ұрлық жайты орын алған кезде, тез арада полицияның «102» телефоны арқылы хабар беріңіздер.