Тұрғын құрбысының қалтасынан ақша ұрлап кеткен
Түркістан облысының полицейлері құрбысының қалтасынан ақша ұрлаған күдікті әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғын әйел арызданып келген. Ол өзінің арызында қаңтар айының 1-і күні мейрамханалардың бірінде таныс құрбысымен демалып, артынша өзі мас болып ұйықтап қалғанын айтады.
Содан құрбысы ұйықтап қалғанын пайдаланып өзінің сырт киімінің қалтасындағы 210 мың теңгесін ұрлап бой тасалап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеген.
Ұрлықты ашу мақсатында аудандық полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қылмыс болған жерді мұқият тексеріп, бейнебақылау камераларын тексеріп, жақын маңдағы барлық көшелер мен аулаларды аралап шықты.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері күдікті азаматшаны тұрғылықты мекенжайынан ұстады.
Тергеу барысында күдікті әйел өзінің мас болып қалғанын айтқан. Сондай-ақ айғақты зат ретінде жәбірленушіге ақша қайтарылды. Сонымен қатар күдікті әйел бұрын ҚР ҚК-нің 191-ші бабымен сотты болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарға қырағы болуға және сырт киімдерді қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Қалта ұрлығын болдырмау үшін заттарға мұқият болу қажет. Егер сіз ұрлықтың және басқа қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.