Әйел Тараз тұрғынын 27 млн теңгеге алдап кетті
Әйел Тараз тұрғынын 27 миллион теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Жамбыл облысында алаяқтықтың 776 дерегі орын алды.
– Елімізде, сонымен қатар біздің өңірімізде де алаяқтық деректері көбеюде. Қылмыскерлер алдаудың әртүрлі жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Қылмыстың бұл түрінің алдын алу бойынша жүргізілген профилактикалық жұмыстар мен қабылданған шараларға қарамастан, тұрғындар алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалуда, – деді Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов.
Мысалы, жақында Тараз қаласының Полиция басқармасына 33 жастағы азамат хабарласып, белгісіз әйел оның сеніміне кіріп, ақшасын иемденгені туралы арызданды. Ер адам оған 27 миллион теңгеден астам қаражат берген. Алаяқ әйел жәбірленушіге бірнеше жер учаскесін сатып алуға көмектесетуге уәде еткені белгілі болды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 52 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындап, қамауға алынды.
– Құрметті тұрғындар, алаяқтардың құрбаны болмас үшін қауіпсіздік шараларын естен шығармауды сұраймын. Бейтаныс адамдарға алдын ала төлем жасамауды, маңызды жеке мәліметтеріңізді бермеуді ескертемін, – деп тұрғындарға ескерту жасады Жанат Сүлейменов.