Әйелдер қауіпсіздігі – басты назарда: инспектордың қызметтегі бір күні
Бүгінде қоғамда әйелдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау – өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта айтарлықтай еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Баянауыл ауданы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Ильмира Мекенова туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Инспектордың бір күні бірнеше маңызды бағыттағы істерден тұрады. Ең алдымен ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған немесе қауіп сезінген әйелдерден келіп түскен өтініштерді қарап, оларға құқықтық және психологиялық көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, әкімшілік учаскедегі тұрмысы қолайсыз отбасыларды аралап, жағдайымен танысады. Қажет болған жағдайда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында рейдтерге шығып, тиісті шаралар қолданады.
– Әйел адамдардың қауіпсіздігі – мен үшін ең басты міндет. Менің күнделікті жұмыс күнім әрдайым қарбалас әрі жауапкершілікке толы өтеді. Әр отбасының амандығы – қоғам тыныштығының кепілі. Мен отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Адамдардың қиын сәттерінде жанынан табылып, көмек көрсету – бұл менің азаматтық парызым, – дейді инспектор.
Ильмира Имантайқызы құқық қорғау саласына кездейсоқ келген жоқ. Бала күнінен полиция қызметкері болуды армандаған ол, 2021 жылы Павлодар қаласындағы Еуразия университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдап, көп ұзамай құқық қорғау органдарындағы еңбек жолын бастайды. 2023 жылдан бастап Баянауыл ауданында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы қызметін атқарып келеді.
– Менің басты мақсатым – әйелдерді отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұл мақсатта тұрақты түрде профилактикалық семинарлар мен түсіндіру жұмыстарын өткіземіз. Сонымен қатар әр қызметкер үшін тек лауазымдық міндеттер ғана емес, азаматтық борышты да ұмытпау маңызды. Заң мен тәртіпті басшылыққа ала отырып, отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету – басты қағидам, – дейді аға лейтенант Ильмира Мекенова.
Осындай жанашыр, адал қызметкерлердің арқасында қоғамда сенім артып, әділет салтанат құрып келеді. Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі жолында күн сайын қажырлы еңбек етіп жүрген полиция инспекторының жұмысы – көпке үлгі боларлық іс.