Павлодарда харассмент пен зорлық-зомбылыққа қарсы семинар өтті
Павлодарда харассмент пен зорлық-зомбылыққа қарсы оқыту семинары өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облыстық сотында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдер құқығын қорғау бағытында "Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" ұранымен ашық форматтағы оқыту семинары өтті. Іс-шараға облыстық ПД-нің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі қызметкерлері, сондай-ақ КММ "Дағдарыс орталығының" директоры Айнаш Ілиясова мен "Үміт үзбеу" қоғамдық қорының басшысы Гаухар Омарова қатысты.
Кездесу барысында мемлекеттік органдар мен жұмыс орындарында әйелдерге қатысты кемсітушілік пен жыныстық қысымның (харассменттің) алдын алу тетіктері талқыланды. Полиция өкілдері харассмент ұғымына тоқталып, оның түрлері мен адам психикасына әсерін түсіндірді.
— Харассмент — адамның жеке шекарасын бұзып, оған психологиялық немесе моральдық қысым көрсететін әрекет. Бұл — қазіргі қоғамда жиі кездесетін және елеусіз қалдыруға болмайтын мәселе, — деді ПД қызметкері Индира Жүсіпова.
Семинар барысында қатысушылар кемсітушілікке тап болған жағдайда қайда жүгінуге болатынын, сондай-ақ бұл бағытта қандай нақты көмек түрлері бар екенін білді. Шара соңында полиция қызметкерлері дағдарыс орталықтарының сенім нөмірлері көрсетілген жадынамалар мен визиткалар таратты.
Мұндай іс-шаралар әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.