Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әйелдердің қауіпсіздігі үшін күресіп жүрген полицейдің бір күні

Абай облысында әйелдердің қауіпсіздігі үшін күресіп жүрген полицейдің бір күні туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Абай облысы, Жарма ауданында отбасылық зорлық-зомбылықпен күресті өмірлік мұратқа айналдырған бір жан бар. Ол – полиция лейтенанты Мадина Арынғазинова, Жарма аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы.

Мадинаның күнделікті қызметі – көп жағдайда сырт көзге көрінбейтін, бірақ қоғамның өзегін қажайтын ең өткір мәселенің бірімен күрес. Ол – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Инспектор көмек сұрап келген әрбір әйелдің жанайқайына құлақ асып, құқықтық тұрғыдан бағыт-бағдар береді, қорғау нұсқамаларын рәсімдейді, қажет жағдайда оларды дағдарыс орталықтарына орналастыруға көмектеседі. Себебі әрбір істің артында адам тағдыры, әрбір өтініштің ар жағында үміт пен сенім тұрады.

Алайда Мадинаның жұмысы тек қағазбен шектелмейді. Ол тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырып, тұрмыстық жанжал жиі тіркелетін отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Оның басты мақсаты – зорлықтың салдарымен емес, себебімен күресу. Яғни қайғылы оқиғалардың алдын алу.

Бұған қоса, инспектор жастармен де белсенді жұмыс істейді. Мектептер мен колледждерде кездесу өткізіп, жасөспірімдерге заң аясында білім беріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға күш салады. Өйткені ол жақсы біледі: ертеңгі қауіпсіз қоғам – бүгінгі тәрбиеден басталады.

– Менің басты міндетім – әрекет ету ғана емес, алдын алу. Қорғау. Қоғамда зорлық-зомбылыққа ешқандай орын болмауы керек екенін әр адамға ұғындыру – менің борышым, – дейді Мадина Арынғазинова.

Абай облысының полициясы қоғамдағы зорлықты тоқтату – тек тәртіп сақшыларының емес, тұтас елдің ортақ міндеті екенін еске салады. Ал Мадина сынды жанашыр инспекторлар – сол күрестің алдыңғы шебінде тұрған нағыз батырлар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру