26 млн теңгені қалтасына басқан алаяқ жазаға кесілді
Айласын асырған алаяқ 26 миллион теңгені қалтасына басып, жаза арқалады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының 30 жастағы тұрғыны алаяқтық әрекеті үшін жазасын өтеуде. Ол танымал «Kolesa.kz» платформасында көлік сатып алуға көмектесемін деп алты азаматты алдап соққан. Айлакер өзін көліктерді бағасының жартысына алып бере алатын адам ретінде таныстырып, азаматтарды сендіріп, оларды банктерден несие алуға мәжбүрлеген.
Алаяққа сеніп қалған жәбірленушілер жалпы сомасы 26 миллион теңгені қолына ұстатқан. Алайда көп ұзамай, оның уәделерінің бос сөз екенін түсінген азаматтар құқық қорғау органдарына жүгінген. Тергеу барысында анықталғандай, қулығын асырған ол қаражатты өз қажетіне жұмсап үлгерген.
Сот үкімімен алаяқ ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол Семей қаласындағы қауіпсіздігі аралас мекемеде жазасын өтеп, келтірген 26 миллион теңге шығынды толық өтеуге міндеттелді.
Қазіргі уақытта сотталған азамат мекемеде тұлғалық зерттеуден өтіп, түзету жұмыстарына белсенді қатысуда. Мекеме бастығының орынбасары Айдын Калеловтың айтуынша, ол жұмыспен қамту туралы өтініш білдіріп, туыстарымен байланысын сақтап келеді.
- Сотталған азаматтың түзелуіне барлық жағдай жасалуда, – деп атап өтті мекеме өкілі.