Академия басшылығы қаза тапқан курсанттардың отбасыларына барды
Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері қарсаңында Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының басшылығы мен қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан Академия түлектерінің отбасыларына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл дәстүр – қаза тапқандардың жақындарына құрмет көрсетіп, ішкі істер органдарына өз өмірлерін арнап, қызметтік борышын атқару кезінде қайғылы жағдайда өмірлерімен қош айтысқан қызметкерлерді еске алуды қамтиды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Академия бастығы Ақынқали Дәрменов 2008 жылы қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан Академия курсанты Рүстем Ембаевтың отбасына барды. Ол кезде Рүстем практикада болған еді, бірнеше айдан кейін ол оқу орнын бітіргені туралы диплом мен көптен күткен полиция лейтенанты атағын алуы керек болатын.
Бұл Академия бастығының Ембаевтар отбасына үшінші рет баруы. Бірақ өткендегі кездесулерден айырмашылығы, бұл кездесу қайғылы болды. Биыл шілде айында Рүстемнің әкесі, ішкі істер органдарының ардагері Өміртай Рысбекұлы өмірден өтті. Жақын адамдардан айырылу-бұл ауыр соққы. Сондықтан Академия қызметкерлері Рүстемнің анасы Үміт Қамиқызына қолдау мен көмек көрсетуден жалыққан емес.
2020 жылғы 10 желтоқсанда Академия бастығының саптық бөлім бойынша көмекшісі С.Тоқтабеков бастаған Академия қызметкерлері 2003 жылғы 13 қыркүйекте қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан Алданыш Тайғожиннің отбасына барды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен полиция капитаны Алданыш Тайғожин «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Марқұмның артында анасы, әйелі және қызы қалды. Алданыш Ерзакұлы өмірден өткенімен, ол туралы естелік оның қызының, жақындарының, достары мен әріптестерінің жадында мәңгі қалады.
Сондай-ақ 2020 жылғы 12 желтоқсанда Академия қызметкерлері ЖОО түлегі Наталья Елизарованың анасына барды. 2000 жылы Наталья жедел-тергеу тобының құрамында оқиға орнына барған. Оқиға болған жерді тексеру кезінде полиция лейтенанты Елизарова көліктердің соқтығысуы салдарынан қаза тапты. Биыл полиция лейтенанты Елизарованың қайтыс болғанына 20 жыл толды.
Алданыш Тайғожиннің, Рүстем Ембаевтың, Наталья Елизарованың есімдері Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының еске алу мемориалына енгізілген.