Әке жолын қуған
Қостанай облысы Арқалық қалалық Полиция басқармасының тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі Мұрат Болат әке жолын қуып, полицейлер династиясын жалғастырған тәртіп сақшыларының бірі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Конституциясында адам өмірі мен бостандығын сақтау басты қағида болса, сол жолда қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысының ауыр екенін біреу білсе біреу біле бермейді. Бұл ретте әке жолын қуып, полицейлер династиясын жалғастырып келе жатқан тәртіп сақшыларының көп екені көңіл қуантады. Солардың бірі – Арқалық қалалық Полиция басқармасының тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі Мұрат Болат. Ол 1994 жылы Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келген.
Әкесі – Қанат Тусупов ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен. Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 1993 жылы учаскелік инспектордан бастаған, халыққа осы салада 20 жылдан астам қызмет көрсеткен Қанат Тусупов қазіргі таңда зейнет демалысында.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, милиция офицерінің отбасында туған Мұрат мектепті бітірген соң, көп ойланбастан әке жолын қуып, 2012 жылы ҚР ІІМ Ақтөбе заң иститутына түскен. Оны 2016 жылы тәмамдап, өзінің қызметін Арқалық қаласы ПБ учаскелік полиция испекторы болып бастады. Бір жылдан кейін тергеуші лауазымына тағайындалып, қазіргі таңда аға тергеуші қызметін атқаруда.
–Тергеу кезінде кейбір қылмыстық істер шешілместей көрінеді, бірақ Отан алдындағы ант пен халықтың тыныштығы үшін бар қажыр-қайратыңды, біліміңді салып, қызметіңді абыроймен атқаруға тырысасың. Теккен тер әрқашан жеміс береді, – дейді Мұрат.
Өзінің жеке өмірінен халықтың тыныштығы мен амандығын бірінші орынға қоя білген, сонымен қатар өз міндеттерін атқару барысында ынта мен қырағылық танытатын полиция қызметкері Мұрат құрметке әбден лайық.
– Әкем әрқашан барлық бастамамды қолдады. Ол «жақсы маман болу үшін адам өз жұмысына адал болу керек» деп айтып отырады, – дейді Мұрат өз сөзінде.