Әке жолын қуған полицей
Полиция капитаны Миржан Нұрғалиев ішкі істер саласында, соның ішінде патрульдік полиция саласында ширек ғасырға жуық абыройлы қызмет етіп келеді. Бүгінде ол жол-көлік оқиғалары орнына шығумен, зерттеп-зерделеумен айналысатын аға инспектор. Оның ұлы Әмір де Отанға адал қызмет етуді таңдаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейдің үлкен ұлы Әмір де әке жолын қуып, осы саланы таңдаған. Ол өз әкесі қызмет ететін патрульдік полиция батальонында инспектор болып жұмыс жасайды.
"Әкеге қарап ұл өсер" дегендей, бала кезінен форма киген әкесі мен үйіне жиі қонақ болатын оның әріптес-достарын көріп өскен кішкентай Әмір бұл мамандықты оқушы кезінен таңдап қойған.
- Екі ұлым бар. Әмір біздің тұңғышымыз. Кішкентай кезінен көңілін қимай, жұмысқа әкеліп, патрульдік автокөліктерге мінгізіп те көрсететінмін. Полицей болғысы келетінін айтқанда, анасы екеуіміз қарсы болғанымыз жоқ. Өзім өмір бойы жол-патрульдік полицияда жасап келемін. Қазіргі уақытта өз балама да, жас мамандарға бар білгенімді үйретіп жүрмін. Бастысы, адамгершілік екенін кішкентайынан екі ұлымның да санасына құйып өсірдім. Әрбір әке өз баласының абыройлы болғанын көрсе деймін, - дейді Миржан Нұрғалиев.
Үйде ғана емес, жұмыста да әкесінің қырағы "бақылауында" жүретін жас маман әке тәрбиесі мен кәсіби кеңестерінің пайдасы мол екендігін мойындайды.
- Полицияда қызмет ету үлкен жауапкершілік жүктесе, әкеммен бірге қызмет ету екі есе жауаптылық. Әкем өте сабырлы, адал адам. Ешқашан дауыс көтергенін көрмеппін. Ол кісінің жай айтқан ақылы маған өмірлік сабақ. 20 жылдан аса адал, әрі абыройлы қызмет етіп келе жатқан әкемді ұятқа қалдыруға еш құқығым жоқ, - дейді жас маман.