Әке жолын қуған қыз
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 20 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Ақерке Темірбекқызы ішкі істер органдарына әке жолын жалғастыру үшін келген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде нәзік жанды әйелдер ұрпақ тәрбиесімен қатар, кез-келген қызметте жемісті еңбек етіп келеді. Әр саланың өзіндік қиындығы мен жауапкершілігі бар. Қиындығы мен қызығы мол қылмыстық-атқару жүйесі саласында да ер азаматтармен иық тіресе қызмет атқарып жүрген нәзік жандылар бар. Осы орайда біз ҚАЖ саласының қыр-сырымен танысу үшін Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД департаментінің кадр саясаты тобының бас маманы Ақерке Темірбекқызымен сұхбаттасқан едік.
ҚАЖ саласында 20 жылдай қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі қызметкер бұл салаға арман қуып, әке жолын жалғастыру үшін келген.
– Отбасында үш ағайындымыз, жалғыз қыз болғандықтан әкеме жақын болдым. Әкем сияқты форма кию менің балалық арманым еді. Менің білім алуыма, тұлға ретінде қалыптасуыма, нысанды киім киіп, құқық қорғау саласының қызметкері боламын деген арманына әкем қарсы болмады. Өйткені, әкем де ішкі істер органдарында табан аудармай 30 жыл адал қызмет етті. Қыз балаға құқық қорғау саласында жұмыс істеу қиын болса да, ата-анам мені қолдап, ақылын айтты, – дейді ол.