Әке жолын қуған СҚО-ның болашақ тергеушісі
ҚР ІІМ Қарағанды академиясында солтүстікқазақстандық бойжеткен білім алуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстандық бойжеткен Ділназ Байқадамова ҚР ІІМ Қарағанды академиясында білім алуда. Әке жолын қуып, полицейлер әулетін жалғастыруды нық шешкен. Әкесі – Қызылжар ауданының ПБ бастығы Әлихан Байқадамов алғашында ағылшын тілін жақсы меңгерген, оқуда озат қызын басқа сала мамандығын таңдауға үгіттегенімен, еш нәтиже шықпаған. Ділназ полиция қызметкері боламын деп шешкен.
– Әкеме қарап, жұмысы туралы айтқанын естіп өскен мен, бұл мамандықты бала кезімде таңдап қойғанмын. Мен әкем сияқты өмір сүргім келді. Өзім үшін емес, адамдар үшін, айналамдағыларға пайдамды тигізу үшін осы мамандықты таңдадым. Әкем бойындағы адалдық, мейірімділік және әр кез әділ болу сияқты қасиеттерін менің және інілерімнің бойына сіңіріп қана қоймай, ісімен де дәлелдеді. Мен үшін әкемнен асқан тәрбиеші жоқ, – дейді Ділназ Байқадамова.
Полиция қызметінің қауіпке толы екенін курсант қыз жақсы білгенімен, тек осы жылғы қаңтар оқиғасы кезінде жете сезінді.
– Академия бұзақылар мен ойрандатушылар шабуылының нысанына айналмады, дегенмен сол күндері келесі минуттарда не болатынын ешкім де білген жоқ. Жігіттерді патрульдеуге алып кетті, академияда 79 қыз және қарулы күзет қалды. Біз казармалық жағдайға көшірілдік, оқу орнымызды қорғауға әзірлендік. Ол сәтте өзіме деген қауіпті мүлде ойламадым. Әкем үшін қорықтым. Дәл осы оқиға кезінде Алматыда жоғары академиялық курстарда оқып жүрген әкем СҚО-ның тағы екі офицерімен және басқа өңірлердегі әріптестерімен қалалық Полиция департаментін қорғауға қатысты. Әкеммен байланысып, амандығына көз жеткізген кезде иығымнан ауыр жүк түскендей болды. Әкем екеуіміз не болса да, анамызды алаңдатпау үшін, ештеңе айтпаймыз деп шештік. Мен әкемді мақтан тұтамын!, – деп ойын толықтырды әкесінің жолын қуған Ділназ.
Қазіргі таңда Ділназ 3 курста оқиды, тергеуші болуға дайындалып жүр. Барлық жағынан әкесіне ұқсауға тырысып жүр.
Ділназдан басқа, Әлихан Байқадамовтың екі ұлы бар. Үлкені 11-ші сыныпта оқиды, спортқа жақын. Кіші ұлы 4-ші сыныпқа барады, барлығына қызығушылық танытады, оның ішінде әскери және полиция шендеріне, қызметтердің ерекшелігіне қызығушылығы өзгеше.
– Әрине, жұбайым Әсия екеуіміз балаларымыздың кез келген таңдауымен келісеміз, шешімдері сараланған салмақты болса болғаны. Бастысы, олардың адал, өз Отанын сүйетін патриот азамат болғаны керек, – дейді Ділназдың әкесі ПБ бастығы Әлихан Байқадамов.