Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әке жолын жалғаған абыройлы қызметкер

Жетісу облысы Көксу ауданында құқық қорғау саласына өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан, ар-намыс пен адалдықты өмірлік ұстаным еткен полицейлер әулеті тұрады. Бұл – әке аманатына адал болып, қызмет жолын абыроймен жалғастырып жүрген Мырзахметовтер отбасы. Олар туралы мағлұматты Polisia.kz сайты назарларыңызға ұсынады.

Полиция капитаны Серік Мырзахметов 2015 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда ол Көксу аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы лауазымын атқарып жүр.

Халықпен тығыз жұмыс істейтін, әр тұрғынның тыныштығы мен қауіпсіздігіне жауапты учаскелік инспектор ретінде Серік Ербрестұлы өз міндетіне аса зор жауапкершілікпен қарайды. Қызметінде тәртіп пен талапты үйлестіре білген ол жыл сайын жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, әріптестері мен басшылық тарапынан лайықты бағасын алып жүр.

Қызметі мен отбасын тең ұстай білген азамат ретінде де ол көпке үлгі. Жолдасымен бірге үш бірдей бала тәрбиелеп отыр. Екі қызы мен бір ұлына ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштік пен еңбексүйгіштікті сіңіріп өсіруді мақсат еткен Серік Ербрестұлы – бала тәрбиесін өмірлік борыш деп білетін әке. Балаларына адал еңбек пен Отанға қызмет етудің биік үлгісін көрсетіп келеді.

Серік – әкесі, ішкі істер органдарының ардагері, полиция майоры Ербрест Мырзахметовтің жолын жалғаған ұрпақ. Ербрест Турбатырұлы 1990-2010 жылдар аралығында құқық қорғау саласында қызмет атқарып, штаб бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген. Зейнетке абыроймен шығып, ардагер ретінде ұрпағына парасат пен пайымның, еңбек пен ерліктің үлгісін қалдырдыМырзахметовтер әулеті – ұрпақтан-ұрпаққа құқық қорғау қызметіне деген адалдықты мұра еткен жанұя. Олардың өмір жолы – ел тыныштығын күзетудегі табандылық пен азаматтық ұстанымның айқын көрінісі. Осындай отбасылардың арқасында полиция қатарында ар-намыс пен тәртіп үстемдік құрып, қоғамға сенім орнап келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру