Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әке жолын жалғаған тәртіп сақшысы

Әке жолын жалғаған тәртіп сақшысы қызметтік жолымен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл Конституциясының қабылданғанына 30 тамызда 30 жыл толады. Айтулы күн - Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің барша азаматтарының мерекесі. 

Ата Заң қабылданған кезде дүние есігін ашқан сәби де бүгінде отыз жасқа толып, еліміздің өркендеуі жолында қызмет етуде. Солардың бірі Түркістан облысы полиция департаменті Сайрам аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Абзал Ботабеков.

Абзал Сапарғалиұлы Ішкі істер органдарында 2020 жылдан бері қызмет атқарып келеді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің түлегі. Құқықтану мамандығы бойынша білім алған ол Ішкі істер саласында қызмет етуді алдына мақсат етіп қояды. Қызметке деген жауапкершілігінің арқасында арнайы Алғыс хаттармен марапатталған. 

Сонымен қатар ол түрлі шараларда өзінің белсенділігін танытуда. Учаскелік полиция инспекторы өзіне бекітілген аумақта халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, профилактикалық шаралардың басы-қасында жүреді. 

  — Мен 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келдім. Ел Конституциясының қабылданған жылында дүниеге келгенім маған отаншылдық сезімімді көтерумен қатар үлкен жауапкершілік те жүктейді. Жұмысым халықпен тікелей байланысты болғандықтан, оларға заңдық тұрғыдан көмектер көрсету мен өтініш-тілектерін мұқият тыңдау да менің қызметтік парызым. Ата Заңымызды қадірлеу тек заң саласының мамандарының ғана емес, барлық Қазақстан азаматтарының парызы деп білемін, — дейді полиция аға лейтенанты Абзал Ботабеков.

Кез-келген мамандықта отбасылық еңбек династиясы ерекше орында тұрады. Өйткені ол сол мамандықтың мәртебесін, қоғам алдындағы имиджін айқын көрсетеді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Абзал, ішкі істер органдарында еңбек ететін үлгілі полицейлер династиясының ұлы. Ол қауiптi де қиын жолды таңдаған әкесімен мақтанады. Әкесі секілді шен тағып, форма кию оның бала шақтағы арманы болатын. Арманы асқақ ұл мақсатына жетіп, полиция қызметкері атанып, Ботабековтер әулетінің дара жолын жалғады. Әкесі Сапарғали Ботабеков Ішкі істер саласының ардагері, зейнеттегі полиция полковнигі.

Бүгінде ол әке үмітін ақтаған ұл, қызметінде қырағы полицей, отбасында ұл-қыздарына аяулы әке, сүйікті жар. Абзалдың алдағы мақсаты - Отанға қызметін абыроймен жалғастыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру