Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Әкемнің жолын жалғастырғым келеді": жас сарбаздың таңдауы

Қарағандыдағы Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген Мұрат Медетұлы әскерге өз еркімен барып қана қоймай, 12 досының да қатарға қосылуына ықпал еткен. Әкесі – полиция подполковнигі Медет Қожахметовтің өнегесін көріп өскен ол болашақта офицер атанып, ел тыныштығын қорғауды армандайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Болашақта әкесі сияқты антына адал, сертіне берік болуды мақсат тұтқан Мұрат жастарға әскерден қашпай, өз борышын өтеуге кеңес береді. Оның кеңесімен 12 досы да әскерге барған.

–Әр азамат Отан алдындағы борышын өтеуге тиіс. Әскер адамды тәртіпке, рух пен жігерді нығайтуға үйретеді. Қазіргі уақытта мен Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінде қызмет етудемін, – дейді жас сарбаз.

Мұрат – отбасында әскери жолды таңдаған алғашқы жан емес. Оның әкесі, полковник Медет Қожахметов, Баянауыл ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары болып қызмет атқарады.

– Әскерден кейін офицер атанып, әкемнің жолын жалғастырғым келеді. Жақсы маман болып, отбасымды, елімді қорғағым келеді. Әкеммен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау іс-шараларына қатысқанды жақсы көремін. Өйткені бұл – ел тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Мен де жақындарымның амандығына өз үлесімді қосқым келеді, – дейді жас жауынгер.

Ұландықтар күн сайын бекітілген аумақтарда жаяу патрульге шығып, қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.

Полиция қызметкері Медет Қожахметов жасөспірімдерге арналған ерлік сабақтарының маңызын да атап өтті.

– Ерлік сабақтарын жиі өткізу керек. Бұл сабақтарда ардагерлер мен жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушылар өз тәжірибесін бөлісіп, жастарға жауапкершілік пен антқа адалдықтың мәнін түсіндіреді. Мұндай дәстүр патриоттық тәрбиені күшейтеді. Осы кездесулерден кейін ішкі істер органдарында қызмет еткісі келетін жастар көбейеді. Соның бірі – өз ұлым Мұрат. Ол да менің жолымды таңдады. Бүгінде ол – Отан қорғаушы, кәсіби жауынгер. Біз шынайы патриот тәрбиеледік деп ойлаймын. Оның абыроймен қызмет етіп, лайықты офицер боларына сенемін. Барлық сарбазға сәттілік тілеймін, – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру