Алакөлде туристік полиция канадалық отбасыға ақпараттық көмек көрсетті
Алакөлде туристік полиция канадалық отбасыға ақпараттық көмек көрсетті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алакөл көлінде демалып жатқан канадалық отбасы жергілікті заң мен демалыс тәртібі туралы толық ақпарат алу үшін туристік полицияның көмегіне жүгінді. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін полиция қызметкері оларға жан-жақты ақпарат беріп, Алакөл аймағының туристік картасы мен қажетті мәліметтері қамтылған жадынаманы табыстады.
Полиция өкілі қонақтарға қауіпсіз демалыс үшін сақталуы тиіс негізгі ережелер мен төтенше жағдайларда қайда жүгіну керектігі жайында кеңес берді.
Канадалық отбасы қазақстандық қонақжайлылық пен қызмет көрсетудің сапасына риза болып, полиция қызметкеріне шынайы алғысын білдірді. Олар Алакөлдің көркем табиғатына тәнті болып, бұл сапардан керемет әсер алғандарын атап өтті.
Туристік полиция қызметкерлерінің басты міндеті – өңірге келген шетелдік және отандық қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға ақпараттық қолдау көрсету. Бұл оқиға – Алакөлде туристерге деген қамқорлықтың нақты көрінісі.