Алатауда полицейлер жол ережесін бұзушыларды дронның көмегімен анықтайды
"Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Алатау қаласының полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа технологияларды тиімді енгізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдары заманауи пилотсыз ұшу аппараттарын – дрондарды қолданып, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтауда. Аспаннан бақылау жүргізудің бұл тәсілі жүргізушілердің қауіпті маневрлерін, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу сияқты құқық бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді.
Дрондардың артықшылығы – олардың кең аумақты қамтып, патрульдік экипаждар жұмысы қиын учаскелерде бақылау жүргізуіне жағдай жасауы. Бұл жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілеріне жедел әрекет етуге және ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізеді.
– Дрондарды пайдалану полиция жұмысының тиімділігін арттырады. Олар бізге жол қозғалысы жағдайын биіктіктен бақылауға, құқық бұзушылықтарды дәл тіркеуге және шұғыл шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Басты мақсатымыз – жолдарды барлық қозғалыс қатысушылары үшін қауіпсіз ету, – деп атап өтті Алатау қаласы полиция басқармасының бастығы Нұрлан Сайдалин.
Жыл басынан бері пилотсыз ұшу аппараттарының көмегімен облыс аумағында жол қозғалысы ережесін бұзудың 100 фактісі анықталды. Оның ішінде жедел тексеріс күндері 18 жағдай тіркелген. Көбіне бұл маневр жасау ережелерін елемеу және қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу әрекеттерімен байланысты болған.
Полицейлер барлық жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салады, өйткені әрбір азаматтың қауіпсіздігі осыған тікелей байланысты.