Алаяқ әйел сотталды
Қызылордада 2 миллионнан астам теңгені заңсыз иемденген алаяқ әйел сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасына 31 жастағы қала тұрғыны алаяқтық дерегі туралы арызданды. Азаматшаның айтуынша, өткен жылдың шілде айында таныс екі азаматша Қызылорда қаласынан бір бөлмелі пәтер алып беремін деген уәде беріп, 2 270 000 теңге ақшасын алған. Алайда күні бүгінге дейін уәде етілген пәтерге қолы жетпеген жәбірленуші полицияға жүгінуді жөн көрген.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 1967 және 1977 жылы туған екі әйел анықталды. Тұрақты жұмысы жоқ азаматшалар Қызылорда қалалық Полиция басқармасына жеткізіліп, кінәсін толық мойындады.
Сотқа дейінгі тергеп – тексеру барысында қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер толық жинақталып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 300-бабының (Айыптау актісін және қылмыстық істі прокурорға жіберу) талабына сәйкес адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасаған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 3 қаңтардағы үкімімен айыпталушылардың біріне қатысты бір жылға бас бостандығынан айыру түріндегі шешім шығарылды. Қазіргі таңда екінші күдіктінің ісі сотта қаралуда.