Алаяқ “Атырауда жұмысқа орналастырамын” деп түркістандықты алдап кетті
Алаяқ “Атырауда жұмысқа орналастырамын” деп түркістандықты алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға алаяқтық қылмысының құрбаны болған жергілікті тұрғын әйел арызданып келген. Оның айтуынша, танысы ұлын Атырау қаласындағы фирмалардың біріне күзетші ретінде жұмысқа тұрғызып беремін деп сендірген. Ол үшін 200 мың теңгеге жуық ақша беру керектігін айтқан. Содан жәбірленуші әйел оған 2021 жылдың қараша айында сұраған қаражатын қолма-қол берген. Алайда бүгінгі күнге дейін ұлы уәде етілген жұмысқа кірмеген, не өз ақшасын қайта ала алмаған. Сол себепті полиция қызметкерлеріне хабарласып, көмек сұраған.
Тәртіп сақшылары аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында, күдіктіні жергілікті мекенжайынан анықтады. Оны оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін ПБ-ға жеткізді. Ол жұмыссыз жас жігіт болып шықты. Белгілі болғандай, алаяқ оңай жолмен иемденген ақшаның барлығын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда алаяқтық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.