Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтар Рудный тұрғынының ақшасын жымқырмақ болған

Қостанай облысында алаяқтар зейнеткердің жарты миллион теңгеден астам ақшасын жымқырмақ болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өзін банк қызметкерімін деп таныстырған алаяқ қарт әйелді 680 мың теңгеге алдамақ болған. Олардың әрекетіне жергілікті дүкеннің әкімшісі мен полиция қызметкерлері тосқауыл болған. Әйелдің айтуынша, алаяқтар оған жұма күні таңертең қоңырау шалған.

– Желінің арғы жағындағы адам өзін банк қызметкерімін деп таныстырды. Ол менің есепшотыма несие ашпақ болғанын және күдікті транзакцияның алдын алу үшін қаражат қажет екенін айта бастады. 2 миллион теңге сұрады, – дейді зейнеткер.

Алғашында рудныйлық тұрғын бас тартып, алаяқтық схемалар туралы білетінін тікелей айтқан. Сонымен қатар ол қызына қоңырау шалып, жұмыс күні банкке баруға келіскен. Бірақ соған қарамастан алаяқтар әйелді несие алуға көндірген.

– Олар 2 миллион сұрады, бірақ мен бұрын несие рәсімдеп көрмегендіктен, банк мені 680 мың теңгеге ғана мақұлдады. Осы сомаға маған «Касса 24» терминалына бару керектігі айтылды. Мен ақшаны терминалға сала бастадым, олар маған телефон арқылы нені және қайда басу керектігін айтып отырды, – дейді зейнеткер.

Төртінші қағаз ақшаны салғаннан кейін қарт әйел дүкен әкімшісінің назарын аударды. Дүкен қызметкері терминалдың ақша қабылдайтын жерін қолымен жауып, алаяқтармен байланысын үзіп, полиция шақырды. Бөлімшеде әйел тынышталып, дүкен қызметкерлері мен полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру