Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Алаяқтардың арбауынан сақтап қалды": Павлодар облысында ауыл тұрғыны полицейге алғыс айтты

Павлодар облысында ауыл тұрғыны учаскелік полиция инспекторына алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қырағылық пен кәсібиліктің арқасында әйел адам 2 миллион теңге көлеміндегі несиеден аман қалды. Ертіс ауданы Майқоңыр ауылының тұрғыны учаскелік полиция инспекторы Меркеш Қайраткеровке шынайы ризашылығын білдірді.

– Маған Beeline орталығынан қоңырау шалып, SIM-картамда ақау бар екенін айтты. Оны түзету үшін хабарлама арқылы келетін кодты айтуды сұрады. Кодты айтып берген соң, бұл қоңырауға мән бермедім. Артынша тағы бір қоңырау түсті – бұл жолы бейтаныс адамдар өздерін ХҚКО қызметкерлері ретінде таныстырып, менің атыма 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімделіп жатқанын хабарлады. Қатты қорқып, бірден учаскелік инспекторымыз Меркешке хабарластым. Ол бізді үнемі алаяқтардың түрлі айла-тәсіл ойлап табатынын ескертіп, сақ болуға шақырып жүреді. Ал мен олардың арбауына түсе жаздадым. Учаскелік инспектор дереу келіп, жағдайды бақылауға алып, барлық нөмірлерді тексерді, есепшоттарды бұғаттауға және несие рәсімдеуге тыйым салуға көмектесті. Тиісті мекемелерге хабарласты. Оның жедел әрекетінің арқасында белгісіз адамдар менің атыма несие рәсімдей алмады, – дейді ауыл тұрғыны Аягөз.

Полиция қызметкерлері алаяқтардан сақ болуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру