Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтың жаңа айласы әшкереленді

Петропавл полицейлері ауыл тұрғындарынан бірнеше рет ақша олжалаған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қалалық полициясына алаяқтың әрекетінен зардап шеккен бірнеше аудан тұрғыны жүгінді. Олар өздерінің атына біреудің несие ресімдегені туралы білмеген.

Полицейлер барлық жағдайда бір адам «Океан» сауда орындары және көтерме сауда орталығы маңында әрекет еткенін анықтады. Қаскөй ауыл тұрғындарын анықтап алып, арам ойын жүзеге асыру үшін оларды бұрынғы танысы ретінде әңгімеге тартқан. «Жақындарының сырқаты», «құжаттардың жоқтығы» секілді айтылған түрлі себептерге сеніп қалған ауыл тұрғындары алаяққа есепшотындағы ақшаны алып беру үшін өздерінің құжаттарын беріп, көмек көрсетпекші болған.

Алаяқ алданған ауыл тұрғындарын «Кредитомат» фирмасының терминалдарына апарып, олардың атына жылдам несие ресімдеген. Фотоға түсу қажет болған кезде адамдарды автоматқа шақырып отырған. Жәбірленушілердің бірде-біреуі «Сreditomat.kz» компаниясы және терминалдарының жұмысы туралы хабардар болмаған, олар тек қиын жағдайға тап болған адамға терминалдан ақшасын алып беруге көмектеспекші болды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде аталған қылмыс жасағаны үшін бұрын мүліктік қылмыстар жасап, бірнеше рет жауапқа тартылған 1981 жылғы Петропавл қаласының тұрғыны анықталды.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Петропавл қаласы ПБ екінші полиция бөлімі басшысының орынбасары Гүлмира Сағитова алаяқтың құрбанына айналмас үшін жеке құжаттар мен мәліметтерді біреуге беруге, несие беретін белгісіз терминалдарды пайдалануға мүлдем болмайтынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру