Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтық деректері азаймай тұр

Павлодар облысының аумағында жыл басынан бері алаяқтық деректері бойынша 1 543 қылмыстық іс қозғалған, оның 1 003-і Интернет пен әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жасалған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Соңғы кезде алаяқтық деректері жиілеп кетті, олардың санаттары әр түрлі. Алаяқтар күн сайын жаңа схемалар ойлап табады, ал азаматтар зардап шегеді. Бір мысал келтірейік. Алаяқ азаматтардың сеніміне кіріп, «Индрайвер» мобильді қосымшасы арқылы азық-түлік жеткізу қызметіне тапсырыс береді және қосымшада көрсетілген абоненттік нөмірдің теңгеріміне төлем жүргізуді сұрайды. Сонымен бірге олар көрсетілген мекенжайға келгеннен кейін ақшаны толығымен қайтарып беруге және жеткізу ақысын төлеуге, сондай-ақ тамаққа кеткен барлық соманы өтеуге уәде береді. 57 жастағы жүргізуші осындай алаяқтың торына тап болып, тапсырыс берілген тамақты сатып алады. Кейінірек тапсырыс беруші жүргізушіге терминалдың жанында болуына байланысты ұялы телефонының теңгеріміне ақша аударуды сұрайды. Жүргізуші ешнәрседен күдіктенбей  сол супермаркетте терминал арқылы тапсырыс түскен абоненттік нөмір теңгерімін толтырған. Көрсетілген мекенжайға келген кезде тапсырыс беруші телефонды сөндіріп қойған болып шыққан, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Жедел уәкілдер тағы бір алаяқтық схеманы мысалға келтірді.

Соңғы кездері өңірде асыл тұқымды күшіктерді сатумен айналысатын алаяқтар көбейген. Мысалы, бір қыз «Шпиц» тұқымды күшікті сату туралы жарнама тауып, сатушыға телефон арқылы хабарласқан.

Иттің сипаттамасы мен дағдыларын талқылағаннан кейін жәбірленуші алаяқтың есепшотына аванстық төлем ретінде ақша аударған. Ақша есепшотына түскен алаяқ байланысты бірден үзген.

– Қазір алаяқтар оңай ақша табу үшін өмірдің барлық салаларына енді. Полицейлердің практикасында кең таралған алаяқтықтың бір түрі – келісімшарт бойынша міндеттемелерді сақтамау болып табылады. Азаматтар пластикалық терезелер, темір есіктер, домофондар және басқа да заттарды орнатуға келісімшарт жасасады. Сөйтіп олар алаяққа жем болады, – деп атап өтті Балғабай Сағындықұлы.

Полиция қызметкерлері аңқау азаматтарды алдау жолдарының тағы бір түрі – біреуге оның жақын туысының қиын жағдайға тап болғаны туралы хабарлама жіберу арқылы, бөтен біреудің есепшотына ақша аударуға мәжбүрлеу екенін еске салады. Көбіне жәбірленуші тарап, «қиын жағдайға тап болған» туысына тікелей қоңырау шалып, тексермей, алаяқтардың құрбанына айналады.

Сондай-ақ азаматтар интернет-дүкендердегі үлкен жеңілдіктер мен акцияларға да сеніп, алдын ала төлемдер жасайды. Алайда алаяқтардың қармағына іліккен олар көптен күткен теледидарлары мен тоңазытқыштарына қол жеткізе алмайды.

Интернетте бірдеңеге тапсырыс беру немесе сатып алмас бұрын, сіз аталған сайтты мұқият зерттеп, осы дүкеннің қанша уақыт жұмыс істегенін, оның жұмысы туралы пікірлердің бар-жоғын, ағымдағы шот көрсетілген-көрсетілмегендігін тексеріп алуыңыз керек.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін белгісіз адамдармен телефон арқылы сөйлесу және Интернеттегі хат алмасу кезінде алынған ақпараттың дұрыстығына көз жеткізіңіз.

Банк картасының кодтарын және бір реттік құпия сөздерді ешкімге айтпаңыз.

Тексерілмеген сату көздерін пайдаланбаңыз.

Интернеттегі күмәнді транзакциялардан бас тартыңыз.

Өзіңіздің қырағылығыңыз ғана алаяқтардан аулақ болуға мүмкіндік беретінін есте сақтаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру