Алаяқтық ісі бойынша кәсібилік танытқан полицейге жәбірленуші алғыс айтты
Түркістан облысында алаяқтық ісі бойынша кәсібилік танытқан полицейге жәбірленуші алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Айдар Құрманжанға жергілікті жердің тұрғыны алаяқтық қылмысын анықтау барысында көрсеткен кәсібилігі мен жауаптылығы үшін алғысын білдірді.
Яғни, жәбірленушінің айтуынша, жұмысқа орналастырып беремін деп бейтаныс біреудің жалған сөзіне сеніп, бір млн теңге ақшасынан айырылып қалған.
Аталмыш факті бойынша іс қозғалып, жедел-іздестіру іс-шарасы барысында “ізін суытпай” күдікті ретінде 39 жастағы жергілікті тұрғынын полицейлер ұстап, істі толыққанды ашқан.
Өз кезегінде аудан тұрғыны өзінің шағымы бойынша жедел әрі сауатты әрекет еткен анықтаушыға риясыз алғысын жаудырды.