Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әлемдік додада жеңімпаз атанған полицейді әріптестері күтіп алды

Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы Дубайда өткен халықаралық жарыстан жеңіспен оралған полицей қызды анасы София Қармысқызымен бірге әуежайда салтанатты түрде күтіп алды. Ел мерейін үстем еткен полицейге ерекше құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әуежайда Лаура Төлекованы әріптестері мен қолдаушылары гүл шоқтарымен, оркестрдің сүйемелдеуімен ыстық ықыласпен қарсы алды.

1-5 ақпан аралығында Дубайда арнайы күштердің VI халықаралық турнирі өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы бөліністерінің әйел қызметкерлерінен құралған “Томирис” командасы қорғады. Құрамында Қызылорда облысы Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция капитаны Лаура Төлекова өнер көрсеткен команда бес күнге созылған жарыста командалық есепте екінші орын алды.

– Лаура тек Қызылорда облысы Полиция департаментінің ғана емес, халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғады. Бұл жеңісте оның анасы София Қармысқызының да үлесі зор. Осындай қайсар қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелегеніңіз үшін алғыс айтамыз! – деді департамент бастығының орынбасары О.Омаров.

Айта кетейік, SWAT Challenge халықаралық жарысына 100-ден астам елдің арнайы жасақ бөлімдері қатысты. Биыл алғаш рет ерлермен қатар әйелдер құрамалары да сынға түсті. Кедергілер жолағын еңсеруде қазақстандық қыздар ерекше ептілік танытып, 50-ден аса команданы артта қалдырды.

“Томирис” командасы барлық кезеңнен сәтті өтіп, ерлермен тең деңгейде өнер көрсетті. Нәтижесінде әйелдер арасында Қазақстан құрамасы екінші орынды иеленді. Жарыста үздік нәтиже көрсеткен Лаура Төлекова алдағы уақытта өтетін халықаралық додаларға тыңғылықты дайындалып, Қазақстан туын биікке көтеруге уәде берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру