Әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың шетелге кетуіне шектеу қою туралы тағы бір жалған ақпарат таратылды
Қазақстандықтардың шетелге шығуын шектеу туралы тағы бір жалған ақпаратты әлеуметтік желі қолданушылары таратуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті таратылған ақпараттың жалған екендігін және Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабының 2-тармағына қайшы келетіндігін хабарлады: «Әр қазақстандықтың республикадан тыс жерге шығуға құқығы бар. Қазақстан азаматтары еш кедергісіз өз еліне еркін қайта орала алады».
– Соңғы уақытта ішкі істер министрлігі мен департамент басшылығына сілтеме жасай отырып жалған ақпарат тарату оқиғалары жиілеп кетті. Бұл хабарламалар халықты адастыруда. Осыған байланысты, сіздерге ағымдағы және сенімді ақпаратты Ішкі істер министрлігі ресми сайтында және ведомстволық Polisia.kz порталында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі аккаунттарда жариялайтынын хабарлаймыз. Азаматтарға жоғарыда аталған ресурстарға жүгіну арқылы осы немесе басқа хабарламаның дұрыстығын тексеруге кеңес береміз, – деді Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Әйгерім Уразалиева.
Еске сала кетейік, жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.