Алғыс арқалаған анықтаушы ару
8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арудың бірі және бірегейі жайлы ақпарат ұсынбақ.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасы мен аудандық бөлімдерінде екі әйел азаматша еңбек етеді. Олар ерлермен қатар шен тағып, саланың жауапкершілігін қатар көтеріп жүр. Өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерін мүлтіксіз атқарып, отбасы мен Отанының қорғанына айналған арудың бірі – Нұрсауле Аралбай.Анықтаушы ару Абай ауданы Полиция басқармасында қызмет етеді. Ол 2014-2018 жылдар арлығында ҚР ІІМ Алматы академиясында білім алады. Алғашқы жұмысты кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор лауазымынан бастап, жедел уәкіл және туристік полицияда еңбек еткен. Өткен жылдан бастап анықтаушы лауазымына тағайындалған.
– Полиция қызметкері болу қыздар үшін оңай емес. Кез-келген оқиғаға дайын болу, жедел әрекет ету қажет. Әрі бұл сала көп ізденуді талап етеді. Күнделікті жұмыс барысында қаншама адаммен, оқиғалармен кездесеміз. Дегенмен өз мамандығымды шынайы жақсы көремін, -дейді Нұрсауле Ғанибекқызы.
Нұрсауленің бойында қайсарлық пен қатар нәзіктік те үйлесім тапқан. Әріптестері де араларында ару қыздың жүргенін мақтан етіп, оның кәсібилігі мен біліктілігін жоғары бағалайды. Осы еңбекқорлығының нәтижесінде үнемі алғысқа бөленіп келеді.