Алимент төлемей жүрген павлодарлық әке заң алдында жауап береді
Павлодар облысында қасақана алимент төлемей жүрген әкелер сот алдында жауап береді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдар алименттерді өндіруге ерекше көңіл бөледі.
– Ақтоғай ауданының полицейлері өз баласын асырауға қаражат төлеуден қасақана жалтарғаны үшін 27 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. 2019 жылдан бастап әйелінен ажырасқаннан кейін, жақсы табысы бар ер адам алимент төлемеген. Ол өзінің екі жасар баласына шамамен екі миллион теңге қарыз болған. Бұрынғы әйелі ұзақ уақыт бойы жанжалды бейбіт жолмен шешуге тырысып келген, бірақ бәрі бекер. Енді жауапсыз әкеге заң алдында жауап беруге тура келеді, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, 2021 жылдың басынан бері алимент төлемей жүрген 172 адам іздестірілуде, оның ішінде қазіргі уақытта 87 әкенің орналасқан жері анықталды. Заң ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндеттейді. Егер олардың біреуі мұндай күтімді қамтамасыз етпесе, жалтарған ата-анадан ақша сот арқылы алынуы мүмкін.
Полиция алимент төлеуден жалтарушылар балалар алдындағы жауапсыздығын түсіндіретін көптеген себептерді тапқанын атап өтті.
Полиция Департаменті алименттерді қасақана төлемеушілерге ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабы қолданылатынын еске салады, онда ата-аналардың одан бөлек тұратын бала алдындағы міндеттемелерін орындаудан үш айдан астам жалтаруы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін көрсетеді. Мысалы, бұзушы 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар түрінде бас бостандығын шектеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.