Алименттен жалтарған Ақтөбе облысының тұрғыны бас бостандығын шектеу жазасына сотталды
Алименттен жалтарған Ақтөбе облысының тұрғыны бас бостандығын шектеу жазасына сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында алимент төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танылған азамат бас бостандығын шектеу жазасына сотталып, жазасын Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебінде өтеп жүр. Қазір оның жалақысының 50 пайызы баласының күтіміне жұмсалуда.
2020 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының 31 жастағы тұрғыны Н.-ға баласының күтімі үшін жұбайына алимент төлеп отыруға сот шешімі шығады. Алайда азамат Н. сот міндеттеген талапты орындауға міндетті екендігі жөніндегі ескертулерге құлақ аспай, алимент төлемеу әрекетін жалғастыра береді. Осыған байланысты ол ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылады. Десе де, сот шешімін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін біле тұра, бұдан кейін де қорытынды шығармаған азамат Н. 3 айдан астам уақыт алимент төлемей қояды. Яғни, ол жұмыс жасап, еңбекақы алып отырса да, өзінің жұмыс орны мен табыс көзі туралы мәліметтерді жеке сот орындаушысына хабарламай, табыс көзін жасырған.
Аталғандарға байланысты сот шешімімен азамат Н.-ға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабымен бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
– Азамат Н. өзінің әкелік құқығынан бас тартып, сот белгілеп берген алимент төлеу міндеттемелерін орындамағаны үшін және міндеттемелерін елемеуді жалғастыра бергені үшін сотталып, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылып, Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебіне алынған. Қазіргі уақытта ол пробация қызметінің есебінде тұрып жазасын өтейді және жалақысының 50 пайызын кәмелетке толмаған қызының күтіміне жұмсап отыр, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.