Алматы академиясында ғылыми-практикалық конференция өтті
ІІМ Алматы академиясының қабырғасында қоғам мен мемлекетті цифрландыру және ақпараттандыру жағдайында қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша ғылыми-практикалық конференциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ғылыми-практикалық конференция Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақстан Республикасының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Елеген Қайыржановтың 90 жылдығына арналған.
Оған мемлекеттік қоғам қайраткерлері, ұлттық ғалымдар және сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, ҚР Ішкі істер министрінің цифрландыру және байланыс жөніндегі орынбасары Сәкен Сәрсенов, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов, Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева, Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Әсел Жанәбілова және басқалары, солардың ішінде Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Үндістан, Литва, Қырғызстан және басқа да елдердің ғалымдары бар.
– Аталған конференция құқық қорғау қызметі саласындағы ғылыми қоғамдастық пен практиктер арасындағы белсенді диалог форумына айналды. Конференцияға қатысушылар цифрлық трансформация дәуірінде қылмыстық құқық пен құқық қорғау органдарын дамытудың басым бағыттарына байланысты мәселелерді талқылады. Бұл біздің еліміздегі қылмысқа қарсы іс-қимыл мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ғылыми және практикалық тәсілдерін дамытудағы маңызды кезең болды, – деп атап өтті ҚР ІІМ Алматы академиясы бастығы Айдар Сайтбеков.
Қатысушылар осы саладағы алдағы ғылыми және практикалық зерттеулерде белсенділік пен ынтымақтастыққа дайын екендіктерін көрсетті.
Сонымен қатар қатысушылар мен қонақтардың назарына академик, профессор Елеген Қайыржановтың ғылыми мектебі, оның қылмыстық-құқықтық ғылым мен криминологияның дамуына қосқан үлесі туралы фильм ұсынылды.