Алматы академиясында магистранттарға диплом табысталды
М.Есболатов атындағы Алматы академиясында еліміздегі құқық қорғау жүйесін реформалау және жаңғырту жағдайында ведомстволық білім беру ұйымдарының тарихында тұңғыш рет қос диплом бағдарламалары іске асырылуда. Жуырда бейіндік магистратурада екі дипломдық бағдарламаны аяқтаған тыңдаушыларға диплом тапсырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа формация қызметкерлерінің кәсіби даярлығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан бейіндік бағдарламаны биыл 10 магистрант аяқтады. Түлектер Ұлттық қауіпсіздік және әскери іс магистрі дәрежелерін бере отырып екі жоғары оқу орнының – Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының және Алматы Менеджмент университетінің дипломдарына ие болды.
2023 жылғы бітірушілер үшін үлкен ерекшелік — жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің бейінді магистратура магистранты Р.Бөбештің «formation of communicative competence of administrative staff of law enforcement» («Құқық қорғау органдарының басқарушы кадрларының коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру») –тақырыбын ағылшын тілінде қорғауы болды. Р.Бөбештің магистрлік жобасының практикалық маңыздылығы автор ұсынған ІІО басқарушы кадрларының (мысалы, академиядағы ішкі істер органдарының басқарушы құрамын даярлау факультеті) коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру моделі, сондай-ақ «Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған орыс-қазақ-ағылшын тіліндегі сөздігі» атты оқу-тәжірибелік құралы болды. Бұл жоба магистрлік жобаның нәтижесі ретінде ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының оқу процесіне енгізілді.
Қос дипломды білім беру бағдарламасының білім алушылары өздерінің магистрлік зерттеулерінде тақырыптың өзектілігіне және практикалық маңыздылығына ерекше талап қояды.
– Бүгінде ІІМ Алматы академиясы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы саясатын белсенді іске асыруға, ғылыми зерттеулер нәтижелерін бірыңғай білім беру және ғылыми кеңістікке біріктіруге бағыттауда. Қос диплом иелерінің Алматы академиясы мен Алматы Менеджмент университетінің қабырғасында алған білімдері Қазақстан полициясын жаңғырту аясында адамдардың қоғамдық санасын өзгерту мен сервистік тәсіл арқылы құқық қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған магистрлік жобаларда айқын көрініс табуда. Осы орайда өз мүмкіндіктерін ғылым саласында сынап көремін деген талапкерлерге Алматы академиясындағы магистратура мен докторантураға түсу мүмкіндігі бар екенін атап өткім келеді. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға ішкі істер органдарындағы практикалық жұмыс өтілі бір жылдан кем емес ішкі істер органдарының қызметкерлері қабылданады, – дейді жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің бастығы Әлия Байсеитова.