Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы академиясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы бойынша дөңгелек үстел өтті

Алматы академиясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы бойынша дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясында 2024-2028 жылдарға арналған қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Аталған басқосуға ҚР ІІМ штаб-департаменті бастығының орынбасары А.Дүйсекова, ұлттық сарапшы Н.Ерғалиева, ҚР ІІМ кадр саясаты департаментінің басқарма бастығы А.Алмағамбетова, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен ІІО аймақтық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – тұжырымдаманың негізгі ережелерін қоғам өкілдерімен бірге талқылау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдарды бірлесіп әзірлеу. Дөңгелек үстел барысында азаматтардың өмірі, денсаулығы мен мүлкінің қорғалу деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру, полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі заманауи тиімді ұйымға айналдыру сияқты үш стратегиялық бағыт бойынша негізгі мәселелер талқыланды.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын талқылау кезінде қатысушылар сындарлы диалог орната білді. Сондай-ақ қоғам өкілдері арасында әсіресе жолдағы өлім-жітім мен тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бойынша қызу пікірталас өрбіді. Атап айтқанда, ЖКО алдын алу бойынша жүргізуші куәлігін алу үшін міндетті түрде курстартан өту, электр самокаттарды міндетті тіркеу, техникалық байқау функциясын ішкі істер органдарының құзыретіне беру туралы ұсыныстар қызу талқыланды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды жетілдіру үшін құрбандарды ғана емес, агрессорларды да міндетті әлеуметтік оңалту қажеттігі, түрлі бағыттағы өңірлік дағдарыс орталықтарын құру жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар қоғам белсенділері оқшаулау мен шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың проблемалық мәселелерін көтеріп, тұжырымдамаға рухани-адамгершілік тұрғысындағы тәрбие мәселелерін енгізу қажеттігін де атап өтті.

Қатысушылар тұжырымдаманың негізгі бағыттарының жан-жақтылығы мен мазмұнын, оны әзірлеу мен іске асырудағы жаңа тәсілдерді атап өтті. Талқылау барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар тұжырымдаманың негізгі мақсатын – елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетігін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру