Алматы академиясында «Ұлы дала таңы» фильмі көрсетілді
Алматы академиясында «Ұлы дала таңы» фильмі көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
М. Есболатов атындағы Алматы академиясында Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Ұлы дала таңы» фильмі көрсетіліп, фильмді түсірген режиссерлермен кездесу ұйымдастырылды.
Өткен жылы Алматы академиясы «Қазақфильм» киностудиясымен Қазақстан полициясының патриоттық рухын көтеру жолында бірлесіп жұмыс істеуге меморандум жасасқан болатын. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кинотуынды «Ұлы дала таңы» – азаттық жолындағы ерлік пен елдіктің үлгісі.
Қазақ хандығының күшеюі жолында күрескен Қасым хан туралы тарихи-көркем фильм қалың көрермен көңілінен шығуда. Алматы академиясының тыңдаушылары мен курсанттары аталған фильмді тамашалап, көрсетілімнен кейін «Ұлы дала таңы» фильмінің сценарий авторы және режиссері, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев, «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Серік Әбішев, сценарий авторы және редакторы, «Қазақфильм» АҚ бастығы Бекболат Шекеровпен дидарласты.
Академия көрермендерінің Қасым ханның өмірі, билік құрған кезі мен қазақ хандығының нығаюы жолындағы күресін баяндайтын фильмнен алған әсерлері ерекше.