Алматы академиясының курсанттары самбодан республикалық чемпионатта жеңіске жетті
Тараз қаласында өткен самбодан республикалық чемпионатында Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының 1-курс курсанттары жүлделі орындарға ие болып, өзінің жоғары спорттық нәтижелерін көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған додада бақ сынаған курсанттар Әсем Қуандықова 1-орынды иеленсе, Рамина Тұрсынғали өзінің салмақ дәрежесінде 3-орынды қанжығасына байлады.
– Бұл қыздардың лайықты жеңісі және бүкіл академия үшін мақтаныш. Осылайша олар қазақстандық полицияның абыройын көтерді деп санаймыз. Табандылық пен ерік-жігердің арқасында курсант қыздар тұғырдың шыңына жетті, әлі де үлкен жетістіктерге жететіндеріне сенімдіміз, – деп атап өтті ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының көмекшісі Елнар Жақиянов.
Айта кетейік, қыздар самбомен бала кезінен айналысады. Ұзақ және мақсатты жұмыс, сондай-ақ жеңіске деген ұмтылыс жас спортшыларды ойдағыдай нәтижеге жеткізді.
Академияда бұл жетістіктің ведомстволық оқу орнының тарихында қалатынын атап өтті.