Алматы облыстық ПД бастығы жеке құрамды гарнизондық тексеруден өткізді
Алматы облыстық ПД бастығы жеке құрамды гарнизондық тексеруден өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуымен облыстық департаменттің жеке құрамын гарнизондық тексеруден өткізді.
Шара суға шомылу маусымының қызған шағында өткізіліп, “Таза Қазақстан” жалпыұлттық акциясы аясында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірін қорғау және экологиялық тәртіпті сақтау бойынша кешенді шаралардың бастамасы болды.
– Туристік ағынның өсуі кезінде, әсіресе, Қонаев қаласында және облыстың курорттық аймақтарында құқық қорғау және құтқару қызметіне жүктеме артып отыр. Еліміздің әр өңірінен және шетелден келген демалушылар ең алдымен сіздермен – заң өкілдерімен кездеседі. Ал, Қазақстан туралы алғашқы әсерді сіздер қалыптастырасыздар. Осыған орай, азаматтармен қарым-қатынаста барынша сыпайылық танытып, олардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз сақтауды талап етемін. Құқық бұзушылық бойынша барлық шешім тек заң шеңберінде қабылдануы тиіс. Мызғымас тәртіп — сенім тудырады. Міндеттерін анық орындау – тұрақтылық пен қоғам тыныштығының негізі. Сіздердің үйлестірілген және адал қызметтеріңізге қауіпсіздік қана емес, бүкіл елдің беделі кіреді. Қызметтеріңізге табыс тілеймін,– деп Мейрам Әбікеев жеке құрам алдында сөз сөйледі.
Сондай-ақ облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы Дәурен Оразбеков арнайы техника мен құрал-жабдықтарды көрсете отырып, апаттық-құтқару қызметінің техникалық дайындығы туралы баяндама жасап, жеке құрамның судағы және кез-келген төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға жауынгерлік әзірлігінің жоғары деңгейде екенін жеткізді.
Шара соңында гарнизонның шомылу маусымы кезінде жүктелген міндеттерді орындауға сақадай сай екені айтылды.