Алматы облыстық ПД-ның бастығы ЖҚАЖ жеке құрамымен кездесті
Алматы облыстық ПД-ның бастығы ЖҚАЖ жеке құрамымен кездесіп, қызмет жағдайларын тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев жедел қимылдайтын арнайы жасағына барып, бөлімшенің қызмет көрсету жағдайымен танысып, жабдықталуын тексеріп, жеке құраммен өзекті мәселелерді талқылады.
Сапар барысында ПД бастығы бөлімшенің ғимаратын аралап, жауынгерлердің қару-жарағын тексерді және олардың жұмыс барысындағы, соның ішінде әлеуметтік қамтамасыз ету мен кәсіби даярлыққа қатысты мәселелерін тыңдады.
– 2025 жыл "Профилактика жылы" деп жарияланып, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. ЖҚАЖ қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету және тәртіпті сақтауда басты рөл атқарады. Біз сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесін ғана емес, қызмет атқару жағдайларыңызды да бағалағымыз келеді, – деді Мейрам Әбікеев.
Ол заманауи жағдайлардың сарбаздардан үнемі біліктілігін арттыруды, кәсіби шеберлігін жетілдіруді талап ететінін атап өтті. ЖҚАЖ қызметі жоғары мобильділік пен тәртіптілікті, кез келген күрделілік деңгейіндегі тапсырмаларды орындауға дайын болуды қажет етеді.
– Тәртіп, дайындық және жеделдік – арнайы бөлімшенің басты қағидалары. Сіздерден ұйымшылдық, жауапкершілік және қызметтік міндеттеріңізді мінсіз орындау талап етіледі. Алматы облысы Полиция департаменті сіздердің кәсіби даярлықтарыңызға, әлеуметтік мәселелеріңізге және қызмет жағдайларыңызға ерекше көңіл бөледі. Барлық туындаған мәселелер мен ұсыныстар жедел қарастырылады, – деп қосты ПД бастығы.
Мейрам Әбікеев Жедел қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздарының жоғары дайындық деңгейі мен тәжірибесі азаматтарды қорғау бойынша қойылған міндеттерді лайықты атқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол жеке құрамға зор денсаулық, қызметте табыс және командалық бірлік тіледі.
Мұндай кездесулер басшылық пен жеке құрам арасындағы байланысты нығайтуға, өзекті мәселелерді жедел анықтап, шешуге және полиция қызметкерлерінің жауынгерлік рухын көтеруге ықпал етеді.