Алматы облысы ПД-ның мұрағат қызметкерлері жыл басынан бері 195 мемлекеттік қызмет көрсеткен
Алматы облысы ПД-ның мұрағат қызметкерлері жыл басынан бері 195 мемлекеттік қызмет көрсеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұрағатшылар – қоғамның тарихи жадысын сақтаушы және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын жандар. Олардың әр күнгі жұмысы – тек қағаздарды жинау емес, бұл – адам өмірінің тарихын, елдің өткені мен болашағын сақтау. Мұрағатта жатқан әрбір құжат – бір адамның тағдырына қатысты маңызды дәлел, шешім қабылдауға негіз бола алатын баға жетпес дерек. Осы еңбектің арқасында азаматтар еңбек өтілін растауға, құқықтарын қалпына келтіруге, тіпті отбасылық тамырларын іздеп табуға мүмкіндік алады.
– Жыл басынан бері мұрағат қызметкерлері 195 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде архивтік анықтамалар, бұйрықтардан үзінді көшірмелер және құжаттардың көшірмелері берілді. Бұл қызметтер бойынша жеке тұлғалардан 138 өтініш, ал заңды тұлғалардан 57 өтініш түсті. Архивтік құжаттардың негізінде 78 анықтама және 104 бұйрықтан үзінді көшірме берілді, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Бұл көрсеткіштер – архив мамандарының күнделікті еңбегінің бір ғана көрінісі. Олардың адал қызметі, әдетте, көпшіліктің назарынан тыс қалады. Алайда дәл осы мамандар мемлекеттің өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір бола отырып, ерекше жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі таңда архив мамандары қорларды түгендеу бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. ҚР ІІМ басшылығы қойған бұл міндет архившілерден жоғары деңгейдегі ұқыптылық пен терең білімді талап етеді.
Мұрағат қызметкерлері құжаттарды сақтап қана қоймай, оларға қолжетімділікті жеңілдететін жағдайлар жасап, қоғамның қажетіне жаратуда. Бұл олардың еңбегін ерекше құнды әрі қоғам үшін таптырмас етеді.
Мұрағатшылар күні – тарих пен құндылықтарды сақтап, мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып жүрген осы жандарға ризашылық білдіретін тамаша мүмкіндік. Олар – өткеннің қорғаушысы, бүгіннің куәгері, болашақтың бағыттаушысы.