Алматы облысы полиция департаментінде ашық есік күні ұйымдастырылды
23 мамырда Алматы облысы полиция департаментінде балаларды қорғау күніне орай ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара жасөспірімдер үшін көңілді әрі танымдық мазмұндағы мереке болумен қатар, полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және жастарға патриоттық тәрбие беруге бағытталды.
Таңертеңнен бастап департамент аумағы балалардың шат күлкісі мен қызығушылығына толды. Қонақтар үшін арнайы дайындалған бағдарлама аясында полиция қызметінің түрлі бағыттары таныстырылып, қару-жарақтар, арнайы техника мен жабдықтар көрсетілді. Сонымен қатар арнайы мақсаттағы бөліністердің көрсетілімдері балалар мен ата-аналардың ерекше қызығушылығын тудырды.
– Балалар полиция бөлімшелерінің жұмысымен танысып, арнайы жабдықтарды киіп көрді және офицерлерге көкейіндегі сұрақтарын қойды. Кәсіптік бағдар беру бөлімі жасөспірімдер арасында үлкен қызығушылық туғызды: оларға ішкі істер органдарының құрылымы, полиция қызметінің ерекшеліктері және ҚР ІІМ оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді, – деп хабарлады ведомствода.
Іс-шара аясында жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған халықаралық байқауда жүлделі бірінші орын алған оқушылар мен мұғалімдер салтанатты түрде марапатталды. Жол қозғалысы мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін оларға Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеевтің атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
– Ашық есік күні – полиция мен халық арасындағы өзара байланысты нығайтатын маңызды бастама. Мұндай іс-шаралар азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырумен қатар, жастар арасында азаматтық жауапкершілік пен Отанға деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді, – деп атап өтті департамент өкілдері.