Алматы облысында 30 пәтер ұрлығын жасаған азаматқа қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді
Алматы облысының полицейлері жүйелі түрде пәтер ұрлығымен айналысқан адамға қатысты қылмыстық істі сотқа жіберді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қараша айының басында Талғар АПБ тергеу бөлімшесі осыған дейін ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 41 жастағы азаматқа қатысты ұрлық және ұрлыққа оқталу бойынша қылмыстық істі сотқа жіберді. Жедел уәкілдер мен тергеушілерден құрылған жедел-тергеу тобының қажырлы еңбегінің нәтижесінде күдіктінің бөтеннің мүлкін ұрлаудың 30 дерегіне қатысы дәлелденді.
Ол ұрлықтарының алғашқысын 2020 жылдың қаңтарында, соңғысын қыркүйекте жасаған.
Күдікті ұрлық жасаған үйлеріне терезе арқылы, кейде ашық есік арқылы енген. Ол қылмыс орнынан кез-келген құнды затты, ақшаны, алтын бұйымдарды, телефондарды, теледидарларды, спирттік ішімдіктерді, азық-түлікті және т.б. алған.
Күдікті ұрланған бұйымдарды негізінен Алматы қаласының базарларында сатып, қылмыстық жолмен табылған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Тәртіп сақшылары ұрланған заттардың бір бөлігін заңды иелеріне қайтарды.