Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында 41 ұсақ малды ұрлады деген күдікпен ер адам ұсталды

Алматы облысының Талғар ауданында полиция қызметкерлері 41 бас ұсақ малды ұрлады деген күдікпен 43 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу барысында күдіктінің көршілес шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеп жүріп, бұл қылмысты алдын ала жоспарлағаны анықталды.

– Иелерінің уақытша болмағанын пайдаланған күдікті малды ұрлап, оларды сатуға алдын ала сатып алушымен келісім жасаған. Қылмысын тезірек жүзеге асыру үшін ол көлігі бұзылғанын айтып, алдап, егер сатып алушы жануарларды тасымалдауға көмектессе, бағаны төмендетуге уәде берген. Ұрланған малдың Жамбыл ауданындағы мал базарында сатылғаны белгілі болды, – деп хабарлады полиция өкілдері.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Өңірлік полиция департаменті мал иелерін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Мал жаюды тек сенімді адамдарға тапсырып, жайылымдарда тәулік бойы бақылау ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, кез келген күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру