Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында 9 қыз тәрбиелеп отырған полицей қызмет етеді

Отбасы күніне орай Polisia.kz сайтының редакциясы «отбасы» сөзі жүрегінде жылулық сезімін оятатын асқар таудай әке, үлгілі полицей Азамат Әбдірахманов туралы сөз қозғамақ. 

Балқаш аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Азамат Әбдірахманов қызметтік міндетін атқарып жүрген кәсіби маман ғана емес, тоғыз қыздың бақытты әкесі.

Азамат полицияда 2008 жылдан бері қызмет етеді. Дәл сол жылы оның жеке өмірінде үлкен қуаныш орын алды –тұңғыш қызы Ақнұр дүниеге келді. Бүгінде Ақнұр оқу үлгерімі жақсы, шет тілін үйренуге құштарлығы жоғары мектеп оқушысы. Ол болашақта отбасылық дәстүрді жалғастырып, әкесі сияқты құқық қорғау органдарына қызмет етуді армандайды.

Азаматтың жұбайы Жазира да балаларын тәрбиелеуге белсене атсалысады. Жан жарының жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, отбасының бірлігі берік. Сүйіспеншілік пен қолдаудың ортасында өскен қыздардың әрқайсысының өзіндік хоббиі мен таланты бар. Мәселен, ортаншы қыздардың бірі Гүлнұр сурет салуға әуес, сирек кездесетін дарыны бар – ол көргені мен есте қалғанының бәрін қағаз бетіне түсіре алады. Тіпті ауызша сипаттау арқылы Гүлнұр адамдардың нақты портреттерін салатын қабілетке ие.

Қыздарының кенжесі Даяна қазір небәрі 10 айлық. Бұл отбасыда егіз балалар да бар – Адина мен Мединаның жастары бірде. Кәусар, Жасмин, Айару және Томирис те ата-анасының сүйікті қыздары.

Әбдірахмановтар отбасы – көпбалалы отбасының қалай табысты әрі бақытты бола алатындығының мысалы. Қызметтік міндеттеріне қарамастан Азамат өзінің әрбір қызына уақыт табады. Әрқайсысының болашағына алаңдап, олардың арман-мақсаттарын бірге талқылайды. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру