Алматы облысында әйелдер колониясында ашық есік күні өтті
Алматы облысы Жауғашты кентіндегі ЛА-155/4 мекемесінде сотталған әйелдердің жақындары мен туыстары үшін ашық есік күні өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЛА-155/4 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан әйелдердің туыстары мен жақындары үшін ашық есік күні өткізілді.
– ҚР Президентінің 2022 жылды балалар жылы деп жариялауына байланысты іс-шараның негізгі мақсаты балалардың аналармен кездесуін ұйымдастыру болып табылады. Өйткені өскелең ұрпақтың үйлесімді және бақытты балалық шағы – біздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті Алматы облысы бойынша ҚАЖД бастығы Игілік Хасенов.
Іс-шара сотталғандар дайындаған мерекелік концерттен басталды, сондай-ақ әйелдердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі дайындалды.
Бұдан әрі сотталғандардың туыстары мен жақындарына мекемедегі тұрмыстық жағдайлар көрсетілді: жатын бөлмелер, жуынатын бөлмелер, асхана, кітапхана және жұмыс орындары.
– Бұрын мен қызымның жазасын өтеп жатқан жерін елестете алмадым. Бүгін бұл қорқыныш сейіліп, бір ғана тілек қалды – ол тез арада өз үйіне оралуы, – деп бөлісті сотталушының анасы.
Мұндай іс-шараларды өткізу сотталғандар арасындағы моральдық-психологиялық ахуалға оң әсер етеді және туыстық байланыстарды қолдауға ықпал етеді.