Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында ардагерлермен тағылымды кездесу өтті

Алматы облыстық полиция департаментінде ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның ардагерлері, Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері және полицияның жеке құрамы бас қосқан мазмұнды кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасы негізінде ұйымдастырылып, басты мақсаты – ардагерлердің бай тәжірибесін жас қызметкерлерге жеткізу, патриоттық рухты нығайту мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру болды.

Іс-шараны ашқан полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлан Садықов жас мамандарды кәсіби тұрғыда тәрбиелеуде тәлімгерлік институтының маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс департамент басшылығының тұрақты бақылауында.

– Ардагерлеріміздің өмірлік тәжірибесі – ішкі істер жүйесінің баға жетпес қазынасы. Олардың білімі мен өнегелі жолы жас полицейлер үшін шынайы үлгі. Мұндай кездесулер жас қызметкерлердің бойында борыш пен жауапкершілік сезімін, заңға адалдықты қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Ұлан Садықов.

Ол сондай-ақ Ішкі істер министрлігі бекіткен "Заң мен Тәртіп" мемлекеттік тұжырымдамасы аясында 2025 жылдың "Профилактика жылы" болып жарияланғанын еске салып, қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарда ардагерлердің тәжірибесі ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесуде ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері ұйымының төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков сөз сөйлеп, қызметтің үздік дәстүрлерін сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың маңызын атап көрсетті.

– Патриотизм мен кәсібилік – біздің қызметіміздің басты іргетасы. Бұл құндылықтарды жас буынға жеткізу – бәріміздің ортақ парызымыз. Біз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, жас қызметкерлердің кәсіби әрі рухани тұрғыда өсуіне үлес қосуға әрдайым дайынбыз, – деді Өмірзақ Болсамбеков.

Кездесу барысында қатысушылар тәлімгерлік, құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және халықпен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Жиын соңында ардагерлер жас қызметкерлерге офицерлік ар-намысты қадірлеп, заң талаптарын бұлжытпай орындап, қызметтік дәстүрлерді лайықты жалғастыруға үндеу жасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру