Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында бір ай ішінде 3 барымташылар тобы ұсталды

Алматы облысында бір ай ішінде үш бірдей барымташылар тобы ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы айда Алматы облысының полицейлері бірнеше мал ұрлығы бойынша үш қылмыстық топты құрықтады. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 10 адам анықталып, ұсталды. Олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полицияның мәліметінше, соңғы операция 22 ақпанда өтті. Ұзынағаш ауылының тұрғыны полицияға арызданған, оның қорасынан бес жылқы ұрланған. Келтірілген шығын 5 миллион теңге шамасында болды. Жедел-іздестіру шаралары барысында 32 және 34 жастағы екі күдікті ұсталды, олар қамауға алынып, ұрланған мал иесіне қайтарылды.

Сонымен қатар Кеген ауданында 35 жастағы жергілікті тұрғынның жылқы ұрлығын кәсіп еткені анықталды. Бұл күдікті тоғыз бас малды ұрлап, үшінші тұлғаларға қайта сатқан. Сатып алушылар бұл деректі растағаннан кейін, күдікті өз кінәсін мойындады. Жалпы шығын 4 миллион теңгеден асты.

Жыл басынан бері Жамбыл ауданында үш бірдей мал ұрлығымен айналысатын қылмыстық топ құрықталды, олар жасаған 20 қылмыс эпизоды дәлелденді. Аталған қылмыстардың нәтижесінде 460 бас мал ұрланған.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында күдіктілер сатып үлгермеген мал тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 13 миллион теңгеден асты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру